Мария Соловьева – биология ғылымдарының кандидаты, итбалық өсіруші ғалым, РҒА ЭЭПИ ғылыми қызметкері.
«Озеро Байкал» қоры сізге жұмыста қалай қолғабыс етеді?
Қор 2018 жылдан бері біздің институт өткізетін байкал итбалықтарын зерттеулерді қолдап келеді. Итбалық - ресейлік эндемик болса да, соңғы ондаған жыл ішінде сирек, жекелеген зерттеулер ғана жүргізілді. Бірақ Қордың қолдауы арқасында, бұл теңіз сүтқоректілерін жүйелі түрде зерттеу басталды.
Теңіз сүтқоректілері жайлы толығырақ айтып беріңізші.
Адамдар теңіз сүтқоректілері туралы естігенде, әдетте киттер, итбалықтар, сойдақтістілер және әлбетте, дельфиндер туралы ойлайды. Ғылымда өмірі сумен, теңізбен тікелей байланысты жануарлардың барлығын теңіз сүтқоректілеріне жатқызады. Аса танымал емес дюгондар мен ламантиндер, сондай-ақ ақ аю мен мен теңіз кәмшаты да осы топқа жатқызылады.
Теңіз сүтқоректілерінің барлығы өз қоректік тізбектерінің ұшар басында орналасқан. Теңіз экожүйелеріндегі қоректік тізбектер айтарлықтай ұзын - олар реттілік бойынша бір-бірін жейтін фитопланктондардан, зоопланктондардан, балықтар мен шаян тәрізділердің бірнеше деңгейінен және олармен қоректенетін теңіз сүтқоректілерінен тұрады.
Анағұрлым жоғары буындар күйі барлық төмен орналасқан элементтердің күйіне байланысты болады, осылайша, теңіз сүтқоректілері теңізді өзге мекендеушілерге тәуелді болады. Егер балдыр деңгейінде қандай да бір өзгерістер болса, ерте ме, кеш пе, ол өзгерістерді итбалық та сезінеді.
Тағы не айтасыз?
Мысалы, пластик. Ол суайдындарына түсіп, біз микропластик деп атайтын құрамдас бөліктерге ыдырайды. Оны теңіз табанындағы организмдер немесе планктон жейді. Планктонды микролпастикпен бірге балық жеп, ол балықтың бойына жиналады. Ал итбалық балықты жегенде, алдыңғы қоректік деңгейлерде жиналған микропластик итбалықтың организміне түседі.
Осындай жолмен пластиктен бөлек, ауыр металдар немесе органикалық ластанулар жиналуы мүмкін. Осылайша, теңіз сүтқоректілері өздері мекен ететін экожүйе күйінің индикаторына айналады.
Кейбір арктикалық түрлер, мысалы, ақ аю және ақ дельфин біздің заңнама деңгейінде де арктика экожүйелері күйінің индикаторы деп танылған.
Солар жайлы әңгіме өрбітейік. Жарғақаяқтылар дегеніміз қайсысы?
Оларға үш топ жатады: сойдақтістілер, құлағы бар итбалықтар және нағыз итбалықтар. Бұрын оларды жекелеген жарғақаяқтылар тобына біріктіретін, қазір иттер, мысықтар, аюлар және сусарлармен бірге жыртқыштар тобына жатқызады. Сойдақтістілер мен құлағы бар итбалықтарды аюлармен, ал нағыз итбалықтарды сусарлармен топтастырады. Біз осы топтардың барлығы туралы бірден айтқымыз келгенде, әрине, "жарғақаяқтылар" терминін әлі де қолданамыз. Бірақ олар бір-біріне туыстас емес, және олардың суға оралуы бір-бірінен тәуелсіз түрде жүрді, ал олардың сырттай ұқсастықтары бір ортада тіршілік етуге бейімделумен ғана түсіндіріледі.
Ал байкал итбалығы ше?
Ол итбалық. Оның салмағы орташа алғанда - шамамен 50 килограмм болады, яғни ол кішкене итбалық. Байкал итбалықтары орташа алғанда 25 жыл өмір сүреді, десе де 40 жыл, тіпті 50 жыл өмір сүрген түрлері де анықталған. Океанариумдарда олар 30-40 жылдан өмір сүреді - жыртқыштар мен аурулар қауіп төндірмейді.
Байкал итбалығы - жабық су айдынын мекен етеді және сақиналы итбалыққа айтарлықтай жақын туыстас. Итбалықтың Арктика теңіздерінен Байкалға қалай жеткенін біз нақты білмейміз. Ең ықтимал жолы - Енисей теңізі арқылы жеткен болуы мүмкін. Итбалық жазда жағажатақ ұйымдастырып, Байкалды тұтас бойлай мекен етеді. Ең ірі жағажатақтар Ушкан аралдарында құрылады. Бұл көлдің орта бөлігіндегі төрт аралдан тұратын шағын архипелаг.
Байкал итбалығының жылдық циклы қалай жүреді?
Жылдық цикл екі кезеңге бөлінеді - мұз кезеңі және мұзсыз кезең. Мұз болмайтын жаз бен күзде, итбалық жайылып семіреді. Олар көп уақытын аңшылықпен өткізеді, ал демалыс үшін жағалауға немесе жекелеген тастарға шығып, жаңағы айтқан жатақтарды түзеді. Мұз қатқан соң итбалықтар мұзға жатуға көшеді. Итбалықтар өміріндегі ең маңызды оқиғалар қыста болады. Ақпанда итбалықтар балалап, балаларын жетілдіре бастайды, наурыз-сәуірде шағылысу кезеңі жүреді, ал мұз ери бастаған кезде, итбалық түлеп, цикл қайта басталады.
Итбалық үшін мұз бен қардың маңызы зор, ол жағада көбеймейді. Итбалық төлін қорғау үшін қардан үйшік тәріздес апан жасайды. Төлі туғанынан бастап емізу кезеңі аяқталғанша осында болады. Ұрғашы итбалық тамақ іздеу және баласын тамақтандыру үшін әлсін-әлсін су астына сүңгуі мүмкін. Итбалық шаян тәрізділермен - мысалы, майбалықтармен және балықтың кейбір түрлерімен қоректенеді. Айтпақшы, Байкалдағы итбалық төлдерінің түсі толықтай ақ болмаса да, біз оларды ақүрпек деп атаймыз.
Қазігі уақытта байкал итбалықтарына қандай қауіп төніп тұр?
Біріншіден, бүкіл әлемде болып жатқан мұз жабынының азаюы, Итбалыққа көбею үшін міндетті түрде мұз қажет. Мұздың пайда болуы мен бұзылуы мерзімдерінің өзгеруіне, сондай-ақ оның сапасының өзгеруіне итбалықтар қалай бейімделетінін білмейміз.
Екіншіден, суайдындарының микропластикпен, ауыр металдармен және органикалық ластағыштармен ластануы. Байкалда бұл тақырыптар аз зерттелгендіктен, біз ластану ауқымын әзірше бағалай алмаймыз.
Балыққа бай басқа өңірлер сияқты Байкалда да балық көп ауланады, балықшылар мен итбалықтар арасында қақтығыс туындайды. Итбалықтар аудағы балықты жеп, ауды бүлдіріп кетуі мүмкін. Әлбетте, бұл балықшылардың шамына тиеді. Біз жұмыс істеген кейбір өңірлерде итбалықтар кедергі жасамауы үшін балықшылар қару қолданған жағдайлар болған. Итбалықтар ауға оратылып, өліп қалуы немесе қайық моторынан ауыр жарақат алуы мүмкін.
Тағы бір үлкен мәселе-браконьерлік. Байкал итбалығының терісі сатылады, түрлі дәрі-дәрмек жасау үшін пайдаланылатын ішкі органдары мен сүйектері азия нарығына сатылады.
Байкал итбалықтарының саны тым көп болғандықтан, бұл жануарларды азайту үшін оларды өнеркәсіптік ауқымда атуға рұқсат берілуі мүмкін деген пікір бар. Ал шын мәнінде, Байкалдағы итбалықтар саны қанша екенін біз білмейміз, бұл тақырыпта сапалы зерттеулер жүргізілмегелі қашан. Бұл итбалықтардың санын қадағалау үшін жыл сайын жүргізілуі қажет, бағасы қымбат зерттеулер. Сондықтан «Озеро Байкал» қоры 2018 жылы байкал итбалығын зерттеу бойынша кешенді ғылыми бағдарлама әзірлеу жөнінде бастама көтерді. 2019 жылы «Озеро Байкал» және «Мир Вокруг Тебя» қорларының, сондай-ақ «Президентский грант» қорының қолдауымен «Байкал Итбалығы жылы» жобасы іске асып, сол жоба аясында Ушкан аралдарына алғашқы экспедиция жасалды.
Біздің үш міндетіміз болды. Біріншісі - ҰҰА-ны да пайдалана отырып, санын есепке алу. Екіншісі - одан арғы зерттеулер үшін биологиялық үлгілер жинау. Үшіншісі - спутникті таратқыштар арқылы итбалықтарды таңбалау.
Итбалықтар адамнан қорқа ма?
Әрине, қорқады. Олар жағада болған кезде құлақтары әр кез түрік болып, кез келген сәтте су астына сүңгіп кетуге дайын тұрады - суда анағұрлым жылдам әрі айлалы болғандықтан, аман қалу мүмкіндігі де мол.
Итбалықтарды таңбалау мен олардың санын есепке алу бойынша қанша экспедиция болды?
Итбалықтарды таңбалау жұмысын екі рет - «Озеро Байкал» және «Президентский грант» қорларының қолдауымен 2019 жылы және басқа демеушілердің сүйемелдеуімен 2021 жылы жүргіздік.
Ушкан аралдарындағы итбалықтар санын есепке алу жұмыстарын 2019 жылдан бері жыл сайын жүргізіп келеміз.
Спутникті таратқыш қанша итбалыққа тағылды? Оларды бақылаудан келер пайда қандай? Таратқыштар жануарларға кедергі келтірмей ме?
Осы жылдар ішінде жалпы саны 32 бас жануарға таратқыш тақтық. Біз жануарлар қозғалысы туралы, жылдың түрлі маусымында көл бойында бөліну туралы ақпарат алдық. Қазір осы зерттеулер туралы ғылыми журналға мақала дайындап жатырмыз.
Таратқыштар жануарларға кедергі келтірмейді. Таратқыштар тағылған жануарларды бақылау жөніндегі зерттеулер таратқыштар жануарлардың жүріс-тұрысын өзгертпейтінін, ал басқа жануарлар таратқыш тағылған аңға аса назар аудармайтынын көрсетіп отыр.
Зерттеудің 6 түрі жүргізілді: токсикологиялық, вирусологиялық, гормондық, серологиялық, генетикалық зерттеулер, жүрек-қан тамыры жүйесін зерттеу. Бұл талдаулар қандай мақсаттар үшін қажет?
Токсикологиялық зерттеулер түрлі токсиканттармен - ауыр металдармен немесе органикалық ластағыштармен ластанудың бар-жоғын анықтау үшін жүргізіледі.
Вирусологиялық зерттеулер - вирустық инфекцияларға ПТР үшін жағынды алу. Коронавирус эпидемиясынан кейін мұны түсіндіру айтарлықтай жеңілдеді. Дәл сондай тәсіл - біз итбалықтардан жағынды алып, олардың белгілі бір сырқаттармен ауыратынын/ауырмайтындығын зертханада анықтаймыз.
Серологиялық зерттеулер - бұл түрлі ауруларға антиденелер іздеу. Егер вирусология сынама алу сәтінде итбалық ауырып жүр ме екенін көрсетсе, антиденелерді зерттеуден итбалықтың бұрын қандай аурулармен ауырғанын білеміз.
Гормондық зерттеу - бұл гормондар деңгейін зерттеу. Біз негізгі стресс гормоны - кортизол деңгейін, жануарлардың азығы бар екенінің және олардың саулығының жанама көрсеткіші болатын тиреоидты гормондар мен жыныстық гормондар деңгейін қараймыз.
Біз байкал итбалықтары араласатынын немесе түр ішінде репродуктивті оқшауланған топтар бар ма екенін анықтау үшін генетикалық зерттеулер жүргіземіз.
Мария, сауалдарымызға жауап бергеніңіз үшін көп рақмет!